Skip to content

«Ақын. Парасат. Ұлылық.»жыр кеші

Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сайлаухан Нәкеновтің 85 жылдығына орай «Бір өлке – бір кітап» облыстық акциясы аясында «Ақын. Парасат. Ұлылық.» атты жыр кеші өтті. Кешті Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Еренғайыпұлы Табылдин ашып берді. Ақынның жан дүниесінен туған жырлар көрерменнің көңіл төріне жол тауып, әр өлең – әр жүрекке жеке сыр, жеке әсер сыйлады. Жарық пен көлеңкенің, сағыныш пен үміттің, кең дала мен адам жүрегінің үнін тоғыстырған өзгеше әлем саналатын Сайлаухан ағаның жауһар жырларын кітапханашылар, Жезқазған медициналық колледжінің, Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенттері көрерменге паш етті. Өлеңнің құдіретін жүрегімен ұстап, сөздің киесін қадірлей білетін ардақты ақындардың, қазақтың сөз өнерін, мәдениеті мен руханиятын дәріптеп жүрген журналистердің, елдің жүгін ойлайтын, өркениет пен ұлттық құндылықты қатар ұстанған зиялы қауым өкілдерінің өрелі сөзі кештің рухын биіктете түсті. Асылдың сынығы, Сайлаухан Нәкеновтің ұлы Ғалымжан Сайлауханұлы іс-шараның қадірлі қонағы болды. Ақын сөзінің қуатын, өлеңінің өрісін, ойының тереңін білдіретін «Парасат биігіндегі ақын» атты дәстүрлі кітап көрмесі және «Өмірді өлең үшін сүйген ақын» атты виртуалды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сайлаухан Нәкеновтің сөзіне жазылған «Сарыарқа», «Ұлытау» әндерін Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармония әншілері, ҚР-ның еңбек сіңірген әртістері Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин шырқады. Кеш соңында поэзияға деген құрметпен, ынта-жігермен, шынайы ықыласпен қатысқан барлық өнерпаздар марапатталды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *