Ұлытау облысының мәдениет,тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында қазақ руханиятының абызы, ақын, журналист, қоғам қайраткері Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақпен әсерлі кездесу кеші өтті. Шара қаламгердің Ұлытау облысына жасаған «Қазақтың құдіреті – қазақтың тілінде» атты сапары аясында ұйымдастырылды.
Кеш қонақтары ақынның тіл мен руханиятқа жасаған елеулі еңбегін атап өтіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кеште Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары мен Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенттері жалғастырып, ақынның жүрекке жақын жырларын оқып, «Соңғы вальс» әнін орындады. Жезқазғана гуманитарлық колледж директоры Айгүл Сапарханқызы қаламгердің иығына шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті.
Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі Жандос Сұлтан ақынның «Көңіл қымбат» әнін орындап, кештің көркін аша түсті.
Ақын Әкім Ысқақ ел, тіл, рухани жаңғыру жайында тағылымды ойларын айтып, жастарға жүрекжарды тілегін жолдады. Сонымен қатар, кітапхана қорына Кенжеболат Жолдыбайдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» кітабын және өзінің «Әкемен сырласу», «Жақыныңды жоғалтпашы», «Күн ұлымын», «Біздің бапақ» атты туындыларын сыйға тартты. Кездесу шығармашылық байланыс орнатуға, әсерлі пікір алмасуға мүмкіндік беріп, қатысушыларға ерекше рухани шабыт сыйлады.






