Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында қазақ опера өнерінің негізін қалаған көрнекті композитор Евгений Григорьевич Брусиловскийдің шығармашылығына арналған «Евгений Брусиловский – қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Евгений Брусиловскийдің есімі қазақ опера өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған. Ол қазақтың алғашқы операларының авторы – «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Дударай», «Ер Тарғын» сияқты туындыларды дүниеге әкеліп, ұлттық музыка мәдениетінің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл опералар бүгінде қазақ өнерінің алтын қорына енген.
Көрмеде кітапхана қорынан композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі әдебиеттер, соның ішінде Е.Брусиловскийдің «Дүйім дүлдүлдер» атты еңбегі, Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, музыка тарихына арналған зерттеу еңбектер, музыкалық жинақтар және композитор туралы баспасөз материалдары қойылды.
Көрменің аясында кітапхана қызметкерлері оқырмандарға шолу жасап, Брусиловскийдің қазақтың халық әндерін кәсіби музыкалық деңгейге көтерудегі рөлі туралы әңгімеледі. Көрмемен кітапхана оқырмандары, музыкалық колледж студенттері танысып, қазақ музыка өнерінің тарихына тағы бір үңілуге мүмкіндік алды.






