Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының және бейбіт еңбектің ардагері, Ұлытау, Жезді аудандары мен Түркістан қаласының Құрметті азаматы Мәкен Төрегелдиннің өнегелі өмір жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты еске алу кеші өтті. Іс-шара №13 ЖББ мектебінің «Домбыра-дастан» домбырашылар ансамблінің орындауында «Алаш аманаты» күйімен ашылды.Өзінің тіршілігінде парасатты өмір сүрген абзал азамат Мәкен Төрегелдіұлы туралы «Тарихқа табан тіреген тарлан» атты бейнебаян ұсынылды.Алғашқы сөзді Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Еренғайыпұлы Табылдинсөйледі. Дегдарлығы даласынан дарыған бекзат болмысты ағамыздың соңында қалған ұлағатты жолды санада жаңғырту үшін Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов, «Қазақтың Кетұбасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров сөз алды.Мәкен Төрегелдіұлының сүйіп тыңдайтын әні – «Жас қазақ» әнін Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединшырқады. Өмірінің соңғы жылдарында өзі сүйген іске арнап, адал қызмет істеп, артына жарқыраған ізқалдырғаны жайлы ҚР Қарулы Күштер ардагері Марат Райымбеков, Ұлытау облыстық қорғаныс істер департаменті басшысының орынбасары Ербол Серікұлы Өткелев және Сәтбаев қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеш Мейірбекұлы Ахметов айтты. «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы» орталығының «Teatrall» үйірмесінің шәкірттері ардагер атамызға арналған Қуаныш Ахметовтың «Топжарған тұлға», Қайырбек Сәдуақасовтың «Ақылман абыз-бәйтерек», Ақпанбек Ғұзыханның «Дәуірдің жарқын бөлшегі», Кәкімбек Салықовтың «Ар-намыстың қазығы» атты арнауларын оқыды. Жезқазған музыкалық колледжінің студенті Ілиясов Батыржан Құрманғазының күйі «Серперді»тамылжыта орындады. Қолына алған шаруасынан нәтиже шығармай тыншымайтын, Ұлытау мен Ұлт мәселесін бөліп-жарып қарамайтын, жеке басының қамы емес, « Жүмле жұрттың берекелі тірлігі үшін бір пайдалы іс атқарсам» деген қағидасынан айнымаған Мәкен атамыз туралы Мәкен Төрегелдиннің ұлы Рүстем Төрегелдин, еңбек ардагері, Мәкен атамыздың соңғы шәкірті Файзолла Әжібеков және Ұлытау ауданының білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов естеліктерімен бөлісті. Іс-шара Бексұлтан Барақбай мен Ақжол Әмірханның орындауындағы «Ұлытау» әнімен қорытындыланды.















